ЕҰУ профессорлары Жапонияда өткен халықаралық форумда өздерінің ғылыми зерттеулерін таныстырды

15 Қазан 2025
330 Қаралымдар
ЕҰУ профессорлары Жапонияда өткен халықаралық форумда өздерінің ғылыми зерттеулерін таныстырды
ЕҰУ профессорлары Жапонияда өткен халықаралық форумда өздерінің ғылыми зерттеулерін таныстырды

Түркітану мен алтаистика саласындағы ғылыми диалог жаңа деңгейге шықты. Бұл Жапонияның Готемба қаласында өткен PIAC-тың (Permanent International Altaistic Conference) 67-ші жыл сайынғы халықаралық конференциясында айқын көрінді. Аталған шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары – аударма теориясы және практикасы кафедрасының профессоры Сәуле Тәжібaева және теориялық және қолданбалы лингвистика кафедрасының профессоры Шолпан Жаркынбекова қатысты.

Жапонияға жасалған бұл сапар ғалымдардың ғылыми нәтижелерін таныстырумен ғана шектелмей, қазақстандық ғылымды жаһандық зерттеу кеңістігіне кіріктіру жолындағы нақты қадам болды. Өздерінің ғылыми жобалары аясында («Қытай мен Моңғолиядағы этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасына интеграциялану механизмдері: социомәдени және лингвоэкологиялық мониторинг» AR19676809 – жоба жетекшісі проф. С.Тәжібaева; «Қазақстандықтардың тілдік санасындағы құнды басымдықтар: әлеуметтік-психолингвистикалық және когнитивтік-дискурстық тәсілдер» AR23488481 – жоба жетекшісі проф. Ш.Жаркынбекова) ЕҰУ профессорлары әлемдік ғылымның алдыңғы қатарлы өкілдерімен бірқатар нәтижелі кездесулер өткізді. Олардың арасында – РҒА корреспондент-мүшесі А.Дыбо (Мәскеу), Франкфурттегі Гёте университетінің профессоры И.Невская, сондай-ақ түркітанудың мойындалған мэтрлері – Марсель Эрдал мен Петер Циеме (Германия) болды. Талқылаулардың өзегінде тілдерді құжаттандыру мәселелері мен халықаралық бірлескен зерттеулердің болашағы тұрды.

Профессорлар С.Тәжібaева, Ш.Жаркынбекова және олардың әріптесі, Франкфурт университетінің профессоры И.Невская жасаған «Expression of evidentiality in supranatural and liminal contexts in Kazakh and Shor in a comparative perspective» тақырыбындағы баяндама ерекше қырынан атап өтілді. Авторлар мәселені сенім, мифология және мәдениеттегі өтпелі күйлер призмасы арқылы саралады. Мұндай тәсіл тіл, ойлау және мәдени кодтардың өзара байланысын жаңа қырынан ашуға мүмкіндік берді. Баяндама аудитория тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, қызу пікірталасқа негіз болды, бұл оның ғылыми маңыздылығын айқындады.

ЕҰУ зерттеушілерінің осындай жоғары деңгейдегі конференцияға қатысуы – тек зерттеу нәтижелерін апробациялау ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның ғылыми беделін халықаралық аренада нығайтуға қосқан маңызды үлес. PIAC-тың 67-ші отырысы жаңа көкжиектерді айқындаумен аяқталды: түркітанушылар мен алтаистердің келесі кездесуі Бангкокта өтетін болып белгіленді.

Байланысты жаңалықтар